Дана халқымыз баланы жас шыбық тәрізді, жастайында қалай исең, солай қарай майысып өсетінін айтады. «Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады» дегендей, сол асыл тасты толқын болып жарыққа шығару – Сіз бен біздің мойнымыздағы міндет. Өйткені, елдің болашағы – бүгінгі жастар. Жаһандану ғасырында білекке емес, білімге жүгінетін уақыт ағымында, Қазақстанның атын дүние жүзіне танытып жүрген дарынды да қабілетті оқушыларымыз күн сайын артып келеді. Дарынды да талантты жастарымыздың есімін елімізге таныстыратын «Еліміздің мақтанышы – Гордость страны» Республикалық энциклопедиясы – бірегей, айтулы жоба. Аталған жинақта білім мен зияткерлік додаларда дараланып, өнер мен спорттың биік шыңына шығып, ерекше қабілетімен танымал болып жүрген жас ұландарымыз жайлы баяндалады. Жобамыздың мақсаты – талантты, дарынды, ізденімпаз, жеңіс туын желбіреткен жеңімпаз, жаңашыл, шығармашыл жас жеткіншектерді қазақ еліне таныту.