Выпуски

Эдельвейс


Әрбір ата-ана үшін әр перзентінің орны бір бөлек. Өзінен екі жасқа үлкен әпкесі бар. Бегім әкесінің еркесі, әпкесінің сырласы, анасының 
көмекшісі, артынан ерген бауырларының қамқоршысы. Өзі өте бауырмал. Жақындарын жанындай жақсы көретін Бегімнің қиялы ұшқыр, арманы да көп-ақ. «Мектепті үздікке аяқтасам, жақсы оқу орнына өз білім күшіммен түсіп, ата-анамды қуантсам. Қазақ тілін жетік танып, басқа да шет тілдерін үйренсем. Көптеген елде болып, білген тілдерім бойынша жұмыс істесем» дейді. Бұл Бегім қыздың күнделігіне жазған бала арманы. Жақсы нәрсеге көп еліктейтін Бегімнің ойлылығына сүйсінесің. Әрбір ісіне тиянақты, тапсырған шаруаны тап-тұйнақтай орындауға тырысатын ол, мұғалімдерінің сүйікті шәкірттерінің бірі деуге болады. Балаларға арналған фильмдер мен мултьфильмдер көруді жақсы көретін ол, өзі де солардың қалай түсірілетіні жайлы көп ойлайды. Кейбір кездері өзі де киноға түскісі келеді. Бегім бала кезінен зерек. Әпкесіне қарап өскендіктен болар өнерге өте жақын болды. Аяла әпкесімен бірге ән айтып, би билеп өсті.
Сүп-сүйкімді әдепті, ақылды да алғыр Бегім Сәкенқызы Қытай Халық Республикасы Бейжің қаласында 2012 жылы 31 қазанда дүниеге келді. Қазақтың «Баланың бас ұстазы – ата-ана», дегендей Бегім жаңа ғана тәй-тәй басып, есі кіріп, тілі шыға бастағаннан-ақ оны байсалдылыққа, ұғымпаздық пен тілалғыштыққа баулыған ата-анасы қыздарының әр сәтін назардан тыс қалдырмай, қажеттіліктерін жеткізіп, өнерлерін әрі қарай дамытуына күш салды. Қыздарымен бірге ән салып, би билеп, сабақтан тыс уақыттарында еңбекке де баулып келеді. Ата-анасы Бегімнің ән салудағы өзіндік вокалдық танымын байқағандықтан, Пекин қаласындағы «Тандем» вокал студясына дәріс алуға апарды. Өнерлі қыз 2019 жылы Пекин қаласында ұйымдастырылған Халықаралық «Юные дарования» байқауында жүлделі І орынды жеңіп алды.
Білімге, білуге, жаңаны үйренуге құштар Бегім 2019 жылы Бейжіңдегі Халықаралық ағылшын-қытай мектебінің табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа қабылданды. Қытай мектептерінің өзіндік ерекшеліктеріне, талаптарының қаталдығына қарамастан, намысқой, жауапкершілікті жат елде ерекше сезінген Бегім өз ана тілін жақсы көретін, патриот қыз болып есейіп келеді. Қазіргі таңда, Алматы қаласындағы Лингвистикалық Ораз Жандосов атындағы №105 гимназиясының  3 «К» сынып оқушысы. Оның математикадан, ағылшын тілдерінен білім деңгейі өте жоғары. Қосымша матиматикадан тапсырмалар орындайды. Түсінбеген амалдарын ұстазымен бірге қарап, соны үйренгенше талмай-шаршамай еңбектенеді. Өзі кішкентай болса да талабы зор, ықыласы мен ынтасы басым. Қай кезде де белсенді. Ұстаздары Бегімнің осы қасиетін жақсы көреді, әрі мақтан тұтады. Ойын еркін жеткізе алатын, қойылған сұрақтарға орнымен, сауатты жауап бере алатын қыз.
Болар бала жасынан деген ғой. Ол кішкене күнінен-ақ өте ширақ та шапшаң. Бегім мектеп табалдырығын аттамай тұрып-ақ Қытайдағы Қазақстан елшілігінде ұйымдастырылған әртүрлі мерекелік шараларды жүргізіп, мерекенің көзайымына айналып келеді. Ол вокал, би өнерінен басқа, «Лего» ойынын құрастырудың да нағыз шебері. Айтып кеткенімдей, сахнаны жатырқамайды. Өзін көпшілік арасында еркін сезінетін қыздың тағы бір арманы шығармашылық жан болу. Күнделігіндегі сырына қарағанда болашақта аудармашы, тілші, кино әртісі болуды қалайды.
Өскен орта дегенде алдымен отбасы ойыңда тұрады ғой. Ал, сол алып елдің Қытайдың ортасындағы Бейжіңдегі Қазақстан елшілігінде қызмет істеп жүрген ат төбеліндей азаматтардың және олардың отбасыларының ұйымшылдығы, ел алдындағы асыл парызы жауапкершілігі де бала тәрбиесіне әсер етпей қоймайды. Қазақтың ең құнды қағидаларымен тәрбиеленіп, өсіп келе жатқан Бегімнің Аяла әпкесі, Иман есімді інісі, Данеля есімді сіңілісі де ата-анасының үкілі үмітін ақтайтын азамат пен азаматша болуларына шын тілектеспіз. Бірнеше үйірмелерге қатысатын дарынды ару «Модельная школа» үйірмесінеде барып жүр. Бегімнің биіктерден көрініп, көш бастар үлгілі әрі білімді азаматша болып, арманына адаспай жетсін деген тілегімізді білдіреміз.

Copyright © 2021 Everest. При использовании материалов ссылка на публикацию обязательна.

Сайт разработан группой разработчиков компании «ToWeb.kz». Заказать сайт.