![]()
Бала жаны өте нәзік болады ғой. Әр баланың табиғаты әрқалай болатыны да заңдылық. Әсілінде баланың даралығы кішкентай кезінен байқалып жатады. Біздің кейіпкеріміз Рахым жан-жақты, ізденімпаз, шығармашылыққа жаны жақын бала. Байсалды мінезді, ойшыл, әр нәрсеге ақылды көзбен қарайтын, көп сөйлегеннен, көп тыңдағанды жақсы көретін, өзінің айтқанынан қайтпайтын өр мінезді. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбайтын еңбекқор. Уәдесіне тым берік. Қолынан келмейтін іске араласпайды, алайда оның қолынан келмейтіні жоқ. Барлық іске икемді. Өзінің ойын ойланып барып айтады. Ақылды да сымбатты, табанды, шыншыл, ақынжанды баланың достары да көп. Ол ата-анасының ғана емес, мектептің мақтанышы, ұстазының сүйікті шәкірті.
Серік Рахым Азаматұлы 2007 жылы 22 маусымда Алматы облысы, Талғар ауданы, Туғанбай ауылында дүниеге келген. Ол «Балбөбек» шағын балабақшасында тәрбиеленді. Балабақшаны өте жақсы аяқтап, №30 орта мектептің табалдырығын аттады. Осы оқу орнында 8 сыныпқа дейін білім алды. Бүгінгі күні Талғар қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №7 мектеп-лицейінің 9 «Б» сынып оқушысы. Оқу озаты, үлгілі, тәртіпті оқушы. Үлкен атасы Сейтов Күнболат Ұлы Отан соғысының ардагері, Мәлік Ғабдуллин мен бірге тізе қосып жауға тойтарыс берген және Бауыржан Момышұлымен панфиловшылар дивизиясында болған. Соғыстан аман-есен елге оралып, еліне адал қызмет еткен. Бірнеше жыл ауыл председателі төрағасы, ауыл басқармасының басшысы қызметін атқарып, зейнеткерлікке шыққан соң атақты шопан болып еліне адал қызмет еткен. Өзінің атасы Сейтов Серік Күнболатұлы әкесі Күнболаттың ақ таяғын жалғастырып озат шопан болып облыстық, аудандық мәслихатының депутаты болған. Қазірде Сейтовтар әулеті халықтың алғысы мен зор ықыласына, қошеметіне бөленіп жүрген сыйлы әулет.
Міне, осындай ардың жүгін арқалап, парасатымен, адалдығымен, еңбегімен ел құрметіне бөленген аталарының ізін басып келе жатырған Рахымның әкесі Сейтов Азамат Серікұлы халқына, еліне қызмет етіп жүрген азамат. Анасы Бестерекова Ақнұр Бейсенәліқызы №7 лицей мектебінің ағылшын пәні мұғалімі.
Рахым көп уақытын білім ізденуге жұмсайды. Шабыттанған кезде сурет салады. Қолөнермен айналысады. Спортқа ден қояды. Алгебра, физика, қазақ тілі мен әдебиеті, география, тарих пәндерін ерекше сүйіп оқиды. Түрлі әдеби кітаптар оның айнымас досы деуге болады. Кішкентайынан кітап оқуға құштар, ақындық қабілеті бар. Оның «Анама», «Әкеме» «Жаңа жылға тілек» деген тырнақалды өлеңдері бар. Оны бар болғаны 2 сыныпта жазған болатын. Алдағы уақытта өзін жан-жақты дамытып, ойында жүрген дүниелерді жазып шығуға ниетті. Сонымен бірге, ол мектептің де қоғамдық жұмыстарына белсене қатысады.
Рахымның түрлі сайыстардан алған марапаттары да жетерлік. Атап айтқанда, ол «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз!» атты республикалық көркем сөз, ән-би байқауында «Шығарма» номинациясы бойынша өнер көрсетіп, ерекше дарындылығымен тәнті еткені үшін дипломмен марапатталды. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент күніне арналған бокстан жасөспірімдердің арасында ІІ облыстық турнирінде ІІ орын, «Ақбота» интеллектуалдық марафонында І орын, 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай, бокстан жасөспірімдер арасында өткізілген Іле ауданының ашық турнирінде І орын, «Тілмаш балалар» ұлттық зияткерлік марафонында І орын, ментальді арифметика жарысынан ІІ орын иегері.
Әкесіне қарап бой түзеп, анасына қарап ой түзеп жүрген Рахымды «Сегіз қырлы бір сырлы» деуге әбден лайықты. Өз ортасына беделді, мықты оқушының басты мақсаты мектепті жақсыға аяқтау. Сонан соң өзі қалаған жоғары оқу орнына грантпен түсіп, ақ халатты абзал жандардың қатарына қосылу. Арманы асқақ Рахымға сәттілік серігі болып, арманына жетсін дейміз.