Алтынбаева Айсұлу Азизқызы – 2011 жылдың 24 қарашасында дүниеге келген. Ол кішкентай кезінен-ақ зеректігімен, ізденімпаздығымен және «білсем, үйренсем» деген білімге құштарлығымен ерекшеленіп өсті. 2018 жылы білім сарайының табалдырығы – «Мектепалды даярлық тобын» табысты аяқтаған Айсұлу, Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Сарыбұлақ ауылындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектебінің бастауыш сыныбына қадам басты. Білім жолындағы алғашқы асуда екінші анасындай болған ұстазы Асанова Жазирадан тәлім алса, 3-сыныптан бастап Марал Нұртуғанқызы Жарылқапбергенованың жетекшілігімен дарындылығын шыңдай түсті. Айсұлудың бойындағы талап пен алғырлықты бірден байқаған ұстазы оны түрлі дәрежедегі байқаулар мен олимпиадаларға бағыттай білді. Бастауыш сыныптан-ақ жоғары нәтижелер көрсеткен Айсұлу қазақ тілі мен математика пәндері бойынша бастауыш сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған республикалық қашықтық олимпиадаларының ІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Онымен бірге бастауыш сынып оқушылары арасында өткізілген мектепішілік «Кішкентай білімгер» олимпиадасына қатысып, ІІ орынды иеленді. Сонымен қатар, «Өрлеу Қазақстан» қоры ұйымдастырған балалар арасында өткізілген ІІ республикалық онлайн «Мен дарынды баламын» сайысының мәнерлеп оқу номинациясында І орынды иеленді.
Қазіргі таңда 9-сыныпқа аяқ басқалы тұрған Айсұлу орта буында да биік белестерді бағындырып келеді. Ол 5-9 сынып оқушылары арасында өткен республикалық «Тарих ата» олимпиадасының қорытынды турының жеңімпазы атанып, І дәрежелі дипломға ие болды. Сонымен бірге, «ДАРЫН» республикалық ғылыми-практикалық орталығының «АҚ БОТА» зияткерлік олимпиадасында ІІ дәрежелі орын алды. Тек білімде ғана емес, өнер мен спортта да алда келе жатқан дарынды оқушы: «Жаңарған Қазақстан» Халықаралық өнер-білім байқауының Бейнелеу мен қолөнер бөлімі бойынша лауреаты атанып, Бас жүлдені, сонымен бірге, көркем сөз бөлімі бойынша І орынды еншіледі. «Jas talant» халықаралық өнер-білім байқауында көркем сөз бөлімі бойынша лауреат атанып, І орын иеленді. «Өнер бұлағы» шығармашылық орталығының «Салидат» би тобы құрамында Халықаралық «ZHAS DARYN» өнер байқауында «Испан» биімен топ жарып, тағы бір Бас жүлдені қанжығасына байлады. Бұдан бөлек, 2011–2012 жылғы жасөспірім қыздар арасында волейболдан аудандық біріншілікте І орынды иеленіп, спорттық шеберлігін танытты. Пәндік олимпиадаларда да дараланып, 7-8 сынып оқушылары мен ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиадалардың аудандық кезеңдерінде жүлделі ІІ орындарды жеңіп алды. Сонымен қатар, Айсұлу мектептің қоғамдық өміріне белсене араласып, мектеп парламентінің Қамқорлық фракциясының мүшесі болды. Оған қоса әскери-патриоттық 2025-2026 оқу жылында Қ.Рысқұлбеков орта мектебінде «7 мамыр – ҚР Қарулы күштерінің құрылуына 34 жыл» және «9 мамыр – Ұлы Отан соғысының аяқталуына 81 жыл» толуына арналған саптық ән байқауына белсене қатысып, өз взводымен Бас жүлдені алды. Саптық ән байқауында Қазақстандық патриотизм мен Отан қорғаушылық қабілетін көрсете білген Айсұлу «Үздік бөлімше командирі» номинациясымен марапатталды. Өз сөзінде Айсұлу: «Менің жеткен жетістіктерім – ата-анамның қолдауы мен ұстаздарымның тәлім-тәрбиесінің арқасы. Сол кісілердің сенімі мен қолдауы мені әрдайым алға жетелеп, жаңа белестерді бағындыруға шабыттандырады», – деді. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» демекші, Айсұлудың осындай биіктерден көрінуіне өлшеусіз үлес қосқан, білімі мен тәлімін аямаған барша ұстаздарына айтар алғысымыз шексіз. Тек биік шыңдардан көрініп, арман-мақсаттарына жете беруіне тілектеспіз!
Copyright © 2021 Everest. При использовании материалов ссылка на публикацию обязательна.
Сайт разработан группой разработчиков компании «ToWeb.kz». Заказать сайт.
