Лидер года

Нұржанұлы Саян

 

Мен, Нұржанұлы Саян, 2011 жылдың 2 шілдесінде Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында дүниеге келдім. Қарапайым, көпбалалы отбасынан шыққанмын. Үйімізде 7 адам тұрады: әжем – зейнеткер, әкем – «Өзенэнергосервис» мекемесінде қызмет атқарады, анам – табиғатты қорғау саласында қорық қызметкері. Мен үйдің тұңғышымын. Өзімнен кейін 3 інім және 1 қарындасым бар.

2014 жылы №18 «Мереке» балабақшасына барып, алғашқы тәрбиемді алдым. 2017 жылы №21 жалпы білім беретін мектептің 1 «А» сыныбына қабылданып, білім жолымды бастадым. Бастауыш сыныпты озат аяқтадым.

Спортқа деген қызығушылығымды алғаш әкем байқап, 2018 жылы, яғни 2-сыныпта оқып жүргенімде, мені дзюдоға алып барды. Бапкерлерім – Утесбаев Асхат, Илумбаев Нұрбол, Сауғабаев Нұрсұлтан және Тенелбаева Мадина. Олардың тәлім-тәрбиесінің арқасында көптеген жетістіктерге жетіп, түрлі қалаларда өткен жарыстарға қатыстым. Дзюдодан бірнеше республикалық турнирлердің жеңімпазы атандым. 2022 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының «спорт шеберіне үміткер» атағын иелендім.

Әкемнің және бапкерлерімнің қолдауымен 2023 жылы 6-сыныпты аяқтаған соң Алматы қаласындағы «Республикалық спорт колледжінде» емтихан тапсырып, іріктеуден өттім. Осылайша 7-сыныптан бастап жаңа ортада білімімді жалғастырдым. Қазір 10-сыныпқа өттім. Алматы қаласына да үйреніп, түрлі халықаралық жарыстарға қатысып, өзімді дамытудамын. Қазіргі бапкерлерім – Даутов Бауыржан мен Қуандықбаев Ринат. 

Тоқсан сайын берілетін демалыс күндерімді туған жерім – Жаңаөзен қаласында өткіземін. Сол уақыттарда да спорттан қол үзбей, жергілікті бапкерлерімнің жаттығуларын жалғастырып, шынығуды тоқтатпаймын. Бұл маған күш-қуат беріп, чемпион болу жолындағы арманымды жүзеге асыруға жігерлендіреді.

Менің спорттағы жетістіктеріме сенім білдірген ата-анама және бапкерлеріме алғысым шексіз. 

Арманым – Қазақстан Республикасының атын әлемге танытып, Олимпиада чемпионы атану.

Copyright © 2021 Everest. При использовании материалов ссылка на публикацию обязательна.

Сайт разработан группой разработчиков компании «ToWeb.kz». Заказать сайт.