Ученики

Бектай Бауыржан


Әскер біздің егемен мемлекетіміздің берік қалқаны. Оны нық ұстап тұру қасиетті борыш қана емес, сондай-ақ, зор мәртебе деуге болады. Қазақ әскерінде қызмет атқарып, Отан алдындағы борышын орындауда ер жігіттерге аса жауапкершілік пен үлкен міндет жүктелетіні рас. «Елін қорғау – ердің ісі» дегендей, Отанына деген құрметін көрсетіп, оған өз үлесін қосу әр жастың міндеті. Барлық нәрсе тәрбиеден бастау алады. Алдымен үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету керек дер едім. Ешқашан ашуға бой алдырмай, қызғаныш деген жаман қасиеттерді бойға дарытпау қажет. Білімін шыңдап, өзі сүйген мамандыққа батыл бет бұрып, қоғамға да, өзіне де пайдасы тиер жақсы маман иесі болса, одан асқан бақыт жоқ. Әрбір жас табиғат берген бойындағы барлық жақсы қасиетті шығарып, шынайы армандаса барлығына да қол жеткізері сөзсіз.
Тәуелсіз елдің жастары мықты, рухты, патриот болуы керек десек, талабы таудай Бауыржанның да арманы әскери қызметкер болу. Иә, бүгінгі оқушы ол ертеңгі маман. Елдің дамуы мен ілгері жылжуына өз үлесін қосам деуші әрбір саналы ұрпақ сол жолда сапалы білім нәрімен сусындауы қажет. Жыл сайын мектеп бітіруші түлектер арнайы жоғары оқу орнына түсу үшін арнайы сынақтардан өтеді. Қалай десе те жоғары сыныптың оқушылар үшін жауапты кезеңнен сүрінбей өту өте маңызды.
Бектай Бауыржан Саматұлы 2003 жылы 12 тамызда Алматы облысы, Ақсу ауданы, Жансүгіров ауылында дүниеге келді. Қазіргі күні сол туған жері Жансүгіров ауылында тұрады. Ол 2008 жылы Қызылқайың ауылының мектебінде бірінші сыныбына қабылданып, 3 сыныпқа дейін сонда оқыды. Кейіннен Жансүгіров ауылында Ж.Сыдықов атындағы орта мектебінде, мектепке дейінгі шағын орталығы КММ-нің 4-ші сыныбына қабылданып, қазіргі күнде 11 «А» сыныбында оқып жүр. Бауыржан бастауыш сыныбынан бастап қазақ тілі, математика, жаратылыстану пәндерін қызыға оқып, мектепішілік байқауларға қатысып, сонвмен қатар мәнерлеп оқудан аудандық байқаудан жүлделі орындарды иеленіп жүрген оқушылардың бірі.
Мінезі ашық, ақкөңіл, достыққа адал, әр іске жауапкершілікпен қарайтын ол мектепте қоғамдық шараларға белсене қатысады, өзіне берілген істерді аяғына дейін жеткізіп ерекше көзге түсіп жүретін үлгілі оқушы. Сынып жетекшісі орыс тілі пәнінің мұғалімі Есенғараева Алмагүл Жұмакенқызы бірнеше жарыстардың жүлдегері, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Сейтбатқалова Алмагүл Тоқтарқызы апайларының оқушыларға деген еңбектері зор.
Мектепке үлкен дайындықпен барып, ұстазының айтқанын қағып алатын зерек те алғыр Бауыржан өнерден де құр алақан емес. Қазақ дәстүрдің қаймағы бұзылмаған өлкеде туып өскен жастың домбыра тартуға деген құлшынысы жоғары болды. 3-4 сыныптардан бастап домбыра үйірмесіне қатысып, өнер додаларында сауырына қамшы салдырмай озып келіп жүрген Бауыржан 6-7-8 сыныпта әдебиет мәнерлеп оқу жүлделі орындарды иеленсе, 9-10 сыныпта дзюдо қатысып I және II орындарды жеңіп алып, қазіргі таңда қол күрес спортымен де айналысып келеді. Осы спорт түрінен биыл Алматы қаласында өткізілген жарыста III орынды қанжығасына байлады.
Бауыржан бос уақытында дзюдо үйірмесіне, қазақтың ұлттық ойыны «Көкпарға» қатысады. Қолы босаған кезде спортпен шұғылданатын ол дзюдоның өзіндік ерекшеліктерін де жақсы біледі.
– Спорттың қай түрін болмасын жақсы көремін. Менің қатысып жүрген спорт түрі дзюдо ол тек күрес емес, сонымен қатар жапондық дәстүрлердің бүкіл тізімі десем қате айтпаған болар едім. Жекпе-жектің бұл түрі бұрын-соңды болмаған тарихқа бай дер едім. Мұнда самурайдың ар-намысы кодексі бар. Ережелері жаңадан бастаушылар үшін онша қиын да емес. Оның 150 жылдық тарихы бар. Спорттың осы түрімен айналысқысы келетін әр бала алдымен оның техникалық және моральдық-этикалық бөлігімен жіті танысуы керек. Жапонияда күрестің бұл түрі заманауи өнерге жатады. Дзюдода техниканы орындау үшін әсерлі күшке немесе физикалық күшке ие болу қажет емес. Қарсыласты құлатудың мәні дұрыс тәсілмен ауыртпалық пен тұншықтырғыш техниканы қолдану керек. Сонымен қатар «Көкпар» ұлттық ойынын жақсы көремін. Қазақ баласы үшін ұлттық салт-дәстүріміздегі бай ойындарды білмеу ұят болып саналады. Мен ұлттық спорт түрлерін қадірлеймін, сонымен бірге оны барша достарыма, сыныптастарыма насихаттап жүремін. Үлкен арманым әскери оқу орнын бітіріп, әскери қызметші болу.
Қазір мен мектеп бітіруші сыныппын. Көп ізденуім, көп оқуым керек. Алда жауапты кезек күтіп тұрғанын білеміз. Мұғалімдеріміз де бізге барынша қамқор болып, білмеген жерімізді үйретіп, қосымша тапсырмалар жүктеп, қалайда білімнің биік шыңына шығып, грантқа оқуға түсуімізге атсалысып жүр. Қымбатты ұстаздарыма алғысым шексіз. Оқуды қалт жібермеуге тырысып, бос уақытымда осылай спортпен айналысамын. Бұл менің таңдаған мамандығым үшін де қажет деп ойлаймын. Себебі спорттағы жетістіктерім де аз емес. Өз қызығуыма байланысты мектепте бастапқы әскери даярлық сабағын, онан өтетін сайыстарын да қалт жіберген емеспін,-дейді Бауыржан.
Ата-анасының тәлімді тәрбиесін алып, ұстаздарының ақыл-кеңесіне құлақ түріп ер жеткен Бауыржанның қайсарлығы, еңбекқорлығы мен салмақты мінезі көпке үлгі боларлықтай. Талай мектеп ішілік сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды алып жүрген үлгілі оқушының болашақта мықты маман иесі боларына сенім мол. Ата-анасының, мектептің, ұстаздарының үмітін ақтауға күш салып жүрген Бауыржанның талпынысына тек ғана сәттілік серік болсын деймін. Алар асуларың, жетер биіктерің көп болсын, жас түлек!

Copyright © 2021 Everest. При использовании материалов ссылка на публикацию обязательна.

Сайт разработан группой разработчиков компании «ToWeb.kz». Заказать сайт.