Ученики

Сейтқали Нұрсезім


«Қыздарға әсемдік жарасады» деген емес пе? Қыз баласына мың бұрала би билеп, саусақтары майысып, өнерлі болу жарасады. Нұрсезім атына сай сезімтал қыз. Күлімдеп ғана жүретін ол өте бауырмал әрі мейірімді. Өзіне айтылғанның бәріне назар салып тыңдайтын өте ақылды қыз. Анасын ерекше жақсы көретін ол анасымен бірге ас әзірлегенді, дүкен аралағанды жақсы көреді. Сондай сәттерді пайдаланып, дүкен сөрелерінде өзіне ұнаған түрлі-түсті суреттері бар ертегі кітаптарды алып оқиды. Өзінің де аздап ойынан ертегі құрастыратыны бар.
Мереке күндері төрт қатар өлең жазып, ата-анасын, ұстаздарын, сыныптас достарын тәнті ететіні бар. Өзінің ойынан түрлі суреттер салып, бос уақытын текке өткізбейтін еңбекқор. Мінезі, жұмсақ әрі ақкөңіл Нұрсезімнің достары да көп. Қашан көрсең де оның жанынан шықпайтын сыныптастары салған суреттерін қызықтап, оқыған кітаптарының кейіпкерлерімен танысып отырады. Қолы ашық Нұрсезім жақын достарына да сурет салып беріп, кітаптарын оқуға береді. Нәзік те көңіл Нұрсезімнің бойында талай талант тұнып жатыр деуге болады. Сабағына тап-тұйнақтай, ісі тиянақты, өзі нәп-нәзік қыздың зеректігі мен ақылдылығына сүйсінесің де.
Сейтқали Нұрсезім Нұрлыбекқызы 2012 жылы 12 қазанда Алматы қаласы, Талғар ауданында дүниеге келген. Алматы қаласы, Жетісу ауданы, Көкжиектегі №171 балабақшаға 3 жасынан бастап барды. Балабақшада кішкентай күнінен өзінің талантымен көзге түсіп, би билеп, ән салды, тақпақтарын жатқа айтып, тәрбиешілерінің айтқанын екі етпей ұғып алып, апайларына түсінгенін айтып беретін алғыр болды. Ертеңгіліктерге қалмай қатысып, қатарластарының алды болды. Балабақшадағы тәрбиешісі Сәлімбаева Құралай апайы да өнерлі балаларды тәрбиелеп шығарған өте талапшыл, бір айтқанын екі еткізбей жасататын жан болды.
Мінезі қатты болғанымен жүрегі жұмсақ тәрбиеші көп баланың жүрегінен орын алды. Балалардың бойындағы тұнып жатқан дарындарын көре білу, онымен жұмыс жасай алу екінің бірінің қолынан келе бермейді емес пе?! Құралай апайларында тәрбие алған балалардың көбісі өнерлі болып шықты. Қайсыбір ата-ана болмасын баласының болашағына алаңдайтыны рас. Бұл ретте Құралай Сәлімбаева ата-аналар көңілінен шығып, алғыстарын алды. Балабақшаны жақсы жетістіктермен аяқтаған Нұрсезім 2019 жылдың 1 қыркүйегінде Алматы қаласындағы №177 жалпы білім беретін мектепке бірінші сыныпқа қабылданды. Қазіргі күні Нұр-Сұлтан қаласында №24 орта мектепте 2 «ж» сыныбында оқып жүр. Оқуда озат, мектептің мақтанышы, сыныбында тәрбиелі де өнерлі оқушылардың қатарында, ұстазының сүйікті шәкірті.
Нұрсезімнің шығыс билеріне деген қызығушылығы басым. Алдағы уақытта би үйірмесіне қатысуға ниеті бар. Ұстаздарының айтқанын екі етпейтін Нұрсезім математика және ағылшын тілі пәндерін жақсы көреді. Жақсы баға алуға ұмтылып тұратын ол пәндік жарыстарға қатысуға күш жұмсап жүр. Сондай-ақ оның өзгелерден ерекшелігі өзіне деген сенімділігі деуге болады. Себебі кіп кішкентай жұдырықтай жүрегімен ол өте мықтылығын дәлелдеді, бес жасында емі жоқ сд 1 тип диагнозы қойылса да, өзін ауырамын деп санамады. Бала жүрек ата-анасының, жақындарының уайымдап, көңілдерінің түскенін қаламайды. Өзіне үнемі қамқор болып жүретін отбасына, жақындарына деген бала махаббаты шексіз. Оны көзіндегі нұрдан, жүзіндегі қуаныштан байқау қиын емес.
Алғашқы ұстазы Молдаханова Мейіргүл апайы білімді де білікті жан. Мінезі ашық, жұмсақ, білімді де білікті ұстаз балаларды бөлмей бәрін бірдей көреді. 15 жылдан астам уақыт ұстаздық етіп келе жатқан, жоғарғы санаттағы ұстаз алдынан осы уақытқа дейін талай шәкірт қанаттанып ұшып шыққан. Қазіргі ұстазы жас маман Ақниет Әбіләзімқызы да өте ақкөңіл, ақылды. Оның сыпайылығына әсіресе қыз балалар жағы көп еліктейді. Барлық шәкіртін жіті танып, бірдей жақсы көреді. Нұрсезім осындай ұстаздардан тәлім алып келе жатқан үлгілі шәкірт. Ол 2019 жылы хореографтия студиясы «Фараона»-нан «Старательная ученица» дипломын, 2019 жылы өткен «Четвертый международный конкурс по танцевальному искусству» жарысынан лауреат атанып, диплом алды. 2020 жылы мектепте өткен «Көктем аруы» байқауынан бас жүлдені иеленді. 2020 жылы өткен олимпиада бастауыш сынып математика пәнінен үшінші дәрежелі диплом алса, «Жасдарын» 2 сыныптар арасындағы олимпиадада екінші дәрежелі дипломмен, «Altynurpaq» зияткерлік олимпиада екінші дәрежелі дипломмен мараптталды.
Нұрсезім бос уақытында үйдің тұңғышы болғандықтан артынан ерген екі інісі мен бір сіңілісіне қарасып анасына көмектесуге де үлгереді. Болашақта ақ халатты дәрігер болғысы келеді және тек жәй дәрігер емес, әскери дәрігер болғысы келеді. Әкесі сияқты киім киіп, мықты әрі батыр қыз болу арманы. Ақылды қыздың арманы орындасын!

Copyright © 2021 Everest. При использовании материалов ссылка на публикацию обязательна.

Сайт разработан группой разработчиков компании «ToWeb.kz». Заказать сайт.