Ученики

Мақсұт Нұрдәулет


«Бүгінгі күн кешегінің жемісі, ертеңгінің болмысы», - дейді дана халқымыз. Қай мемлекеттің болмасын ертеңi бiлiмдi жастардың қолында. Алдыңғы аға буынның орнын басар, ізін жалғастыратын кейінгі толқын жастар. «Болашағын ойлаған ұрпағына білім нәрін егер» демекші, білім мен білімді ұрпақ мәселесі қай заманда да өзектілігін жоғалтқан емес.
Иә, жас баланың көзімен қарайтын болсақ, тіршілікте барлығы қардай әппақ, күндей жарық, сүттей таза, судай мөлдір болар еді. Нұрдәулет табиғаттың әсемдігіне тамсанып, әдемі көзбен қарайтын, өзіндік көзқарасы бөлек, суретші. Иә, ол табиғаттың әдемілігін суретке салып, түрлі-түсті бояулармен жұмыс жасағанды жақсы көреді. Кейде қолына қалам алып, салған суреттеріне түсініктеме беріп, жазып та қояды. Өзі тынымсыз, ізденімпаз, жан-жағында болып жатқан жайттардан хабардар болып отыратын ол әр нәрсеге ойлы көзбен қарайтын ақылды өрен. Әр сөзін ойланып барып айтатын ол, өзінің табиғатына жақын деген ертегі-аңыздар мен өлең кітаптарын алып оқуды әдетіне айналдырған. Оның ата-анасымен бірге жүріп сатып алған талай қызықты кітаптары бар. Оның бір жақсы қасиеті сол кітаптарды көзінің қарашығындай ұқыпты сақтап, өзінің кітап сөресіне мұнтаздай етіп жинап жүреді. Оқулықтарын да солай мәпелеп ұстайды. Оның ұқыптылығына қарап ұстаздары «Нұрдәулеттің кітап-дәптеріне қарап, үлгі алыңдар» деп мақтап та жатады. Сыныптастарының арасында өте тату, бәрімен бірдей дос. Өте мейірімді, ақылды, жауапты, үй шаруасына, қоғамдық шараларға өте белсенді араласатын Нұрдәулеттің болашағынан ата-анасы үлкен үміт күтеді.
Мақсұт Нұрдәулет Ертайұлы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол №136 мектеп-лицейінің 6 «А» сынып оқушысы. Үлгілі оқушы мектебінің, сыныбының, ұстаздарының мақтанышы. Сыныптас достары да оны жақсы көреді. Ол барлық сабақты жақсы бағамен оқиды. Әсіресе, жақсы көретін пәндері математика, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері. Математиканың жұмбақ сырларын шешуді жақсы көретін ол түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды қанжығасына байлап келеді. Ал, әдебиетті сүйіп оқитын ол Абайдың, Мұқағалидің, Мағжанның өлеңдерін мәнерлеп оқығанды ұнатады. Сынып жетекшісі Рая Әуелбек апайына деген құрметі де ерекше. Себебі, қандай да бір жетістіктерге жетсе сол Рая апайының көмегінің, қолдауының арқасында жетіп, жемісін де бірге көріп, қуанышына да ең алдымен ортақтасатын жанның бірі.
Спортқа бейім ол жаттықтырушысы Самұрат Серік ағайын үлгі тұтады. Бүгінгі күнге дейін ол мектепішілік жарыстарда бірнеше рет жеңімпаз болды. Үздік оқығаны үшін және үлгілі тәртібі үшін Алғыс хат алса, бар болғаны 2 сынып оқып жүргенде 7 мамыр Отан қорғаушылар күніне орай өткізілген «Жігіт сұлтаны - 2017» сайысында «Шымыр жігіт» номинациясын иеленген. Еркін күрес жарыстарына қатысып, бірнеше рет I, II, III орындарды жеңіп алып, Алғыс хаттармен марапатталған. Сондай-ақ, Халықаралық «Пони» байқауының жеңімпазы болған. Бос уақытында әкесінің жанында отырып теледидардан жаңалықтар қарайды. Сабағынан босаған уақытта музыка тыңда, өзі де қазақ әндерін қосыла шырқайды. Достарымен футбол ойнағанды жақсы көретін ол, есейгенде мықты футбол командасында ойын көрсетуді де ойлайды. Ал, мектеп қабырғасын бітіргеннен кейін ол елін қорғайтын полиция қызметкері болсам деген арманы бар.
– Мен полиция қызметкерлерін өте құрметтеймін. Себебі ол кісілер қоғамға өздерінің көп пайдаларын тигізіп, адам құқықтарын қорғайды. Әділдік үшін күресіп, қиын жағдайда қалған адамдарға барынша көмектесіп, халықтың алғысын алады. Түн демей, күн демей жұмысын адал атқарады. Сол үшін де оларды қарапайым халықтың ішінде құрметті мамандық иелері деп атайды. Менің ойымша бұл полицей мамандығы қоғамға өте қажет. Қауіпсіздікті қорғау жолында олар ешнәрседен қорықпайды. Егер мен полицей болсам, халықтың хәлін ойлайтын азамат болатын едім. Қарапайым халықтың құқықтарын қорғап, жан-жағымызда, қоршаған ортамызда тәртіпсіздіктің болуына жол бермейтін едім. Әр адам өз Отанын сүю керек. Ол әр азаматтың міндеті. Ал, ер азамат еліне адал болып, адал қызмет етуі керек. Сондықтан да, мен халқымның жанашыры болғым келеді. Және де қылмыстардың санын азайтқым келеді. Әкешіммен үнемі теледидар қарап отырып, түрлі жағдайларды көріп, біліп отырамын. Сондай қиын кезде қандай жерде болмасын полиция қызметкерлері жүреді. Олар барлығын біледі. Полиция болуым үшін маған көп еңбектену керек. Спортпен айналысуда менің денем шынығады, шымыр боламын. Денсаулығым мықты болады. Ал, білімді болуым үшін бірде бір сабақтан қалыс қалмауым керек. Сондықтан да мен мықты азамат болуым үшін темірдей денсаулық пен күшті білім керек. Өз арманыма жету үшін де мен үлгілі оқушы болуым керек, - дейді Нұрдәулет.
Арманы асқақ, өзіне нық сенімді өренге жолың болсын дейміз!

Copyright © 2021 Everest. При использовании материалов ссылка на публикацию обязательна.

Сайт разработан группой разработчиков компании «ToWeb.kz». Заказать сайт.