![]()
Жастарды білім жолына салып, түзу жолдан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқу-білім тізгінін ұстату – мемлекет пен қоғамның міндеті. Қандай мемлекет болмасын жастардың, әсіресе, мектеп жасындағы оқушылардың білім деңгейіне ерекше жағдай жасайды. Қазақстанның келешек жанды келбеті саналатын оқушыларды үлкен өмірге даярлауда ел үкіметінің де атқарып отырған істері айтарлықтай жоғары дәрежеде.
Тереңіне қанша малтысаң да соңына жетіп болмайтын дана Абайдың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген ұлағатты сөзі адамзатқа ортақ «Толық адам» деңгейіне жетелейтін қағидалардың өзегі. «Толық адам» болу мүмкіндігін әлемде кім қай тұрғыдан зерттеп, қалай атап-талдаса да, байқап қарасаңыз, айналып келіп хакім Абай атап кеткен адамдықтың үш қасиетіне тоғысады екен.
Шіркін, осы үш қасиетті бүкіл қазақ өн бойына парасат құндылықтары ретінде бекітіп, айнымас қағидаға айналдырса, ұлтымыздың жасампаздық рухы асқақтай түсер еді. Ұлылар салған үлгіні темірқазық етіп, олар жүрген сара жолды кемелдік даңғылына айналдырып ары қарай өркендетіп әкетер саналы, білімді жастарымыздың қатары күн сайын артып келе жатқаны қуантады. Осындай сәулелі ізбен жүріп келе жатқан «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі» жас өрендер қатарының көбейіп келе жатқаны кім-кімді болса да бей-жай қалдырмайтыны ақиқат.
Әлемде дарындыларға өз өнерін көрсетуге мүмкіндік беретін сан түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Сіздердің назарларыңызға ұсынғалы отырған кітап кейіпкерлері Сізді де талантымен тәнті етер деген үміттеміз. Интеллектуалдық қабілеті өзгелерден ерекшелендіріп тұратын ұл-қыздарымыз, Ұлы Қазақ елінің ертеңі, үміт артар жастарымызға қазірден бастап дәріптеп, қолдау көрсеткеніміз – біздің жақсы істеріміздің жаршысы, ұлы істердің бастамасы болары анық.
«Елім деген, елдің қамын жемесе, елдің нанын да жеме» деген сөз қадірін толық түсінетін жеткіншектер, жас та болса, жетістік желкенін керіп үлгерген білімпаз, ізденімпаз, өнерпаз шәкірттер біздің арамызда жүр. Саф алтындай жарқыраған талапты, ақылды, қабілетті ұл-қыздарымыз біздің кітап бетінен көрінсе, нұр үстіне нұр емес пе?!