Басылымдар

Эдельвейс



Тәуелсіз елдің ұланы қашанда еркін ойлы. Алдына мақсат қойып, соған жету жолында кері шегінбейді. Ізденіс жолына түсіп, білімін арттырады. Ақылы мен еңбегіне сеніп әрекет қылады. Ел дамуы үшін адал еңбек етуге тырысады. «Ержеткенде Отаныма қорған болатын азамат атанамын деп армандаймын. Сол үшін ақыл-парасатты, білімді болуым керек. Ел дамуы қашанда білімді жастардың қолында. Болашақта өзім қалаған мамандықты меңгеріп, Қазақстанның әлемге танылуына үлес қосамын», – дейтін Ташкенбай Дінмұхаммед 
Макканбайұлының ертеңіне сенімі мол. Себебі ол, текті әулеттің баласы және тәжірибелі ұстаздардың шәкірті.
Дінмұхаммед Макканбайұлы – 2007 жылы 7 қаңтарда Шымкент қаласында дүниеге келді. Ол шыр етіп өмірге келгенде, отбасы ат жалын тартып мінер ұрпағымыз, өміріміздің жалғасы деп қуанды. Ата-анасының көзқуанышы боп туған дара ұл кішкентай кезінен өте зерек. Жан-жағына бағдарлап қарайтын салмақты мінезінің арқасында Шымкенттегі №36 «Кәусар» бөбекжайына барғанда көпшілік ортаға тез бейімделді. Балабақшадағы тәрбиешісі Анар деген кісі Дінмұхаммедті үнемі тәрбиелі, салмақты деп мақтайтын. Ұстазының мақтауын естіген Дінмұхаммед, №86 жалпы орта мектептің оқушысы атанады. «Басқа балалардан бір ерекшелігі сабақты ешкімнің көмегінсіз, өзі оқиды. Кішкентайынан өзгеше болып өскен. Тек тәртіппен жүреді. Мінезі – тілалғыш, жұмсақ, қарапайым, көп сөйлемейді. Қабілеті өте жоғары, айтқан сөзді, оқыған сабақты тез ұғып алады», – дейді Димаштың ұстаздары. Қазіргі таңда, жас өрен Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейінде білім алады.
Димаш алғашқы ұстазы Есимбетова Райхан апайдың жетелеуімен сауат ашып, әріп таныды. Бастауыш сыныптан кейін сынып жетекшісі Жанабаева Лаура апайдың мейіріміне, қолдауына ие болды. Лаура апайдың арқасында әртүрлі ғылыми жобалар мен олимпиадаларға қатысып, білімін сынады. Нәтижесінде жарыстардан жүлделі орын алып келді. Қазіргі уақытқа дейін оның жеткен жетістіктері Лаура апайының шәкіртіне дұрыс бағыт-бағдар беруінің нәтижесі десек артық айтқандық емес. Білім бәсекесінде бағы мен бабы ұштасқан Димаш 2018 жылы «Тілдер мерекесі» қарсаңында өткен мәнерлеп оқу сайысынан грамота алса, орыс тілі және ағылшын тілінен мектепішілік оқушылар олимпиадасына белсене қатысып, жүлделі І орын алғаны үшін дипломмен марапатталды.
2019 жылы «Жастар және ғылым – 2019» республикалық ғылыми жұмыстар және инновациялық жобалар байқауының І дәрежелі жеңімпазы атанды. Сол жылы «Зерде» республикалық ғылыми жобалар конкурсының қалалық кезеңінде үздік жобасы үшін тіл білім секциясы бойынша ІІІ орын алды. 2019 жылы «Рухани жаңғыру: жаңару, ізденіс, тәжірибе» тақырыбында өткізілген ғылыми жобалар конкурсында үздік жобасы үшін І дәрежелі дипломға лайық деп танылды.
2020 жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жоба конкурсының екінші кезеңінің бірінші туры жобасын қорғауда «Тіл білімі» ағылшын тілі секциясы бойынша ІІІ орынды еншіледі. Осындай білімпаз Димаш анасының сөзінше, ұлы ағылшын тілі мен компьютерлік программалау бағытына бейім. Анасы ұлының алдағы уақытта ел тұтқасын ұстайтын азамат боларына сенімді. Бізде өжет жеткіншектің ел тұлғасы болуына тілекшіміз! 
Жұлдызың жарқырай берсін, Димаш!

Copyright © 2021 Everest. Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Сайт жобасын дайындаған «ToWeb.kz» компаниясы. Сайтқа тапсырыс беру.