Нәзіктік, сыпайылық, ибалылық, әдептілік, сүйкімділік, кербездік, шеберлік, білімділік, жан-жақтылық, ізденімпаздық, міне, осы қасиеттердің барлығы да қыз баласының бойында болуға тиіс қасиеттер. Әсемдік қыздарға жарасады деген емес пе?! Тал бойында міні жоқ, ақылына көркі сай, алғыр да зерек Айғаным кішкентай күнінен бастап би өнеріне жақын қыз. Көргенін ұмытпайтын, өзіне ұнағанды есіне сақтап қалатын ол биді өздігінен үйреніп алған болатын. Жүрегі нәзік, көпке қамқор, әдемі әуенге икемі келіп, мың бұрала би билей кететін Айғанымға би – айнымас серігі деуге болады.
Әжмағанбетова Айғаным Қуанышқызы 2007 жылы 31 қазанда Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Жанұяда алтыншы баланың екіншісі. Білуге, білімге құштар қыз үш жасынан бастап Сәтбаев қаласындағы №36 «Ақбота» бөбекжай балабақшасына барды. Білікті, іскер, тапқыр, жаңашыл, үнемі ізденісте жүретін тәрбиешісі Әбілмажина Айкүміс Зияшқызы тәлім-тәрбие беріп, оқу-білімге үйретіп, өнерге баулыды. Сүйкімді қыздың биге деген қабілетін байқап, түрлі би сайыстарына, ертеңгіліктер мен мерекелік шараларға қатыстырып, би билетіп, көпшілік алдына шығуды үйретті. Балабақшамен қоштасқаннан кейін Сәтбаев қаласында №15 жалпы орта білім беретін мектептің табалдырығын аттап, 1 сыныпқа қабылданып, өте білімді де білікті алғашқы ұстазы Атабаева Гүлнар апайынан көп нәрсе үйреніп, оқуда озат болып, ұстазының сүйікті шәкіртіне айналды.
Бүгінде аталмыш мектептің 8 «А» сыныбының үздік оқушысы. Қазіргі сынып жетекшісі Оспанқұлова Дана. Ол 5-ші сыныптан бастап жетекшілік етіп келе жатыр. Тәжірибесі мол ұстаздың әрбір сабағы өте қызықты, жоғары дәрежеде өтетіндіктен, оқушыларының да сабаққа деген қызығушылықтары артқан. Нәтижесінде сыныбында белсенді, жылдам, ширақ, үлгілі, озат, үздік оқушылар қатары көбейіп келеді. Айғаным да оқу үздігі, сыныбында көшбасшысы. Мектебінің мақтанышы, ұстазының ақылды да сүйікті шәкірті, сыныптастарының айнымас досы.
Білімге құштар қыз барлық пәнді жақсы көреді. Дегенмен көбінесе гуманитарлық пәндерге жақын екенін байқауға болады. Оның ішінде қазақ тілі және әдебиет, орыс тілі және орыс әдебиеті, биология пәндерін ерекше ықыласпен оқиды.
Табиғатынан өте ашық-жарқын мінезді қыз өзгелермен тез тіл табыса алады. Өзін еркін ұстап, қажет нәрсесін ұстаздарынан қысылмай сұрай біледі. Ақкөңіл, көпшілікті ұнатады. Үнемі күліп көңілді жүреді. Сабағына өте жауапкершілікпен қарап, тиянақты орындауға тырысады. Сабағынан босағаннан кейін үйдің шаруасын шыр айналдырып, қолы босағанда тәттінің түр-түрін әзірлейді. Өзінен кейінгі сіңілісіне, үш інісіне қамқор болып, анасына болысып жүреді. Қашанда қамқор пейілді, бауырмал. Ол отбасына ғана емес, сондай-ақ, өзіне жақын жандардың барлығына да қолынан келгенше көмектесіп жүреді. Өтірікке, бос әңгімеге жоқ. Аз сөйлеп, көп тыңдайды. Ата-анасының ақылын алып, айтқандарын екі етпей орындайды.
Айғанымның бала кезден бергі сүйікті ісі би билеу, әсем әуен тыңдау және би өнері жайындағы хабарлар көру. Күні бүгінге дейін түрлі би байқауларына қатысып, жүлделі орындар алып келеді. Қазіргі таңда «Нұр шашу» би ансамблінің құрамындағы белді биші. Жетекшісі қазақ халқының ұлттық билерімен түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген, хореография саласының хас маманы Алуа
Қасенова. Айғаным «Ритмы горизонта» конкурсынан ІІ орын, «Алақай» ансабльінде халықтық бимен І орын, «Я Люблю Танцевать» конкурсында І орын, І республикалық балалар және жасөспірімдер шығармашылығы фестиваль-конкурсында ІІ орын, «Мәңгілік ел алыптары» республикалық рухани-патриоттық байқауында Бас жүлде, осындай байқаудан І орын, «Қазақстан үміті» республикалық жас өнерпаздар байқауының ІІ орын жеңімпазы болды. «Вершина успеха – 2019» конкурсында Бас жүлде, «Би әлемі» байқауынан ІІІ орын иеленді.
Білімді, өнерлі қыздың арманы болашақта ақ халатты дәрігер болу. Бойында қазақ қызына тән барлық қасиет тұнып тұрғанда, Айғанымның міндетті түрде өз арманына қол жеткізе алатынына сеніміміз мол. Әрдайым жолың ашық болсын Айғаным!