Болашағынан үлкен үміт күттіретін жас спортшы – Бисенғалиқызы Қарақат.
Бисенғалиқызы Қарақат 2013 жылдың 5 наурызында Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында дүниеге келген. Ол жастайынан зеректігімен, алғырлығымен және білімге деген құштарлығымен ерекшеленіп өсті.
2019 жылы Қызылсай ауылындағы №4 Сүгір Бегендікұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің 1-сыныбына қабылданып, алғашқы білім жолын бастады. Мектеп қабырғасында оқу үлгерімімен қатар қоғамдық іс-шараларға да белсенді қатысып келеді.
Қарақаттың спортқа деген қызығушылығы ерте жастан қалыптасты. 2-сыныпты аяқтағаннан кейін Қызылсай ауылындағы №3 Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің волейбол үйірмесіне қабылданып, осы спорт түрімен жүйелі түрде айналыса бастады. Қазіргі таңда ол Жаңаөзен қаласындағы №1 Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде волейбол үйірмесінің тәрбиеленушісі ретінде жаттығуын жалғастырып келеді.
Қарақат өзін еңбекқор, тәртіпті әрі жауапкершілігі жоғары спортшы ретінде танытып үлгерді. Ол командасының үздік шабуылшысы әрі капитаны болып табылады. Оның көшбасшылығымен команда қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық турнирлер мен чемпионаттарда жоғары нәтижелер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болып келеді.
Жас спортшының жетістіктеріне тәжірибелі жаттықтырушысы Қойлыбаев Нұрәділдің еңбегі зор. Жаттықтырушының кәсіби бағыт-бағдары мен шәкіртінің тынымсыз еңбегінің нәтижесінде Қарақат бүгінде болашағынан үлкен үміт күттіретін талантты волейболшылардың бірі ретінде танылып отыр.
Алдағы уақытта да Бисенғалиқызы Қарақаттың спорттағы биік белестерді бағындырып, еліміздің намысын халықаралық ареналарда абыроймен қорғайтын спортшы боларына сенім мол. Оның табандылығы, еңбекқорлығы мен жеңіске деген жігері жарқын болашақтың кепілі екені сөзсіз.
Copyright © 2021 Everest. Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.
Сайт жобасын дайындаған «ToWeb.kz» компаниясы. Сайтқа тапсырыс беру.
