Оқушылар

Сейтжаппар Айдар


Жаңа ғасыр оқушыны мұғалімге тәуелді болмай-ақ, өздігінен оқып-ізденуіне мүмкіндік ашып отыр. Қазір жаңа дәуір басталды, сондықтан да әр бала өз бетінше қалауынша жаңа технологиялардың көмегімен, өзіне қажеттіні таба алады. Сондай-ақ ойындағы жаңалықтарды қоғам өміріне енгізе де алады. Яғни, бүгінгі күні шәкірттерге қойылатын талаптар да өзгерген. Оқушылар өздігінен білім алып, оны өмірде жүзеге асыра білуі қажет. Бұл жерде сандық сауаттылық басты рөл атқарады десек дұрыс болар еді. Және әр оқушы креативті болып, жаңаша ойлау тәсілін қолдана білуі керек. Көзіміз көріп жүргендей бүгін балалардың көбі өзінше ғылыми жұмыстармен айналыса бастады. Сонысымен қоймай сол ғылыми жобалары арқылы көпке танылып, жетістіктерге де бір табан жақындап жатыр. Біздің әңгімелегелі отырған Айдар жаңашылдыққа жаны құмар оқушы.
Сейтжаппар Айдар Хабитұлы 2006 жылы 30 қыркүйекте Шымкент қаласының Абай ауданында дүниеге келген. Отбасында ата-анасының сүт кенжесі. Айдар арнайы балабақшаға бармаған болса да өте зерек те алғыр бала болды. Ол ата-анасының, бауырларының қамқорлығына бөленіп өсті. Күн ұзақ өзінен үлкен бауырларының жанында жүріп, олардың оқыған сабақтарына қызыға қарап, жайлап әріптерді, сандарды жаттай бастады. Әріп танымаса да оқулықтарды парақтап ашып, оқыған қалып танытып, отбасын бір тәнті ететін өте елгезек, тілалғыш бала болып өсті. Айдардың тілі ерте шықты. Алдыңғы бауырларының арқасында тілге жеңіл мақалдарды, тақпақтарды жатқа айтатын болды. Оның алғашқы балабақшасы сол бауырлары. Отбасының тәлімді тәрбиесімен өскен ол 2012 жылы К.Қасымұлы атындағы жалпы орта мектебінің табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа қабылданды.
Бірінші сынып ол үшін қыинға соқпады. Мұғалімдері де оны мақтан тұтты. Себебі әріптерді де, сандарды да жатқа білетін ол бірінші сыныпты үздікке аяқтап шықты. Өзі алғыр бала барлық пәнді аса ыждағаттылықпен оқиды. Әсіресе, жаратылыстану пәні ол үшін қызық болды. Әрбір сабақ сайын жасайтын эксперименттері оған қызық көрінетін. Су мен сүттің, дәмді мен дәмсіздің, әртүрлі дыбыстардың ара-жігін ажырату расымен оның оқуға да деген қызығушылығын арттырды. Дене шынықтыруды жақсы көретін ол, қосымша спорттық үйірмелерге қатыса бастады. Таңғажайып сандарды есептеу, оларды алу мен қосу, көбейту кесте барлығы ол үшін таңғажайып, қызығылықты болды. Қазіргі таңда Айдар 8 сыныптың озат оқушысы. Қазақ тілі, математика пәндерін жақсы көретін ол пәндік жарыстарға қатысып, алған жүлделері де бар. Түрлі жанрдағы кітаптарды оқығанды ұнатады. Айдар қашан да ашық-жарқын жүреді, жанында достары да көп. Білімді әрі алғыр, ой-өрісі жақсы дамыған, айтқанынан қайтпайтын қайсар жігіт болып есейіп келеді.
Алғашқы білім беріп, әліппені үйреткен алғашқы ұстазы Босынова Күлән апайын қатты құрметтейді. Білімге құштар Айдар 1-сыныпта оқып жүргенде-ақ «Бидай адам өміріне маңызды» атты ғылыми жобаға қатысып, бидайды терең зерттеп, қорғап шығып, жүлделі орын алды. Мақтау қағазымен марапатталды. Бастауыш сыныптарда мектепаралық барлық іс-шараларға белсенді қатысып, өз өнерін көрсете білді. «Сегіз қырлы бір сырлы» деп жігіттің өнерлілігіне тәнті болғанда айтады емес пе? Айдар «Жігіт сұлтаны», тағы да басқа ән байқауларына қатысып, өзінің дарынымен көрініп, биік белестерді де бағындырып келе жатқан өрен. Онда да мақтау қағаздарымен марапатталған болатын. Жоғарғы сыныпта Алтаева Шолпан мен Жылқыбаева Айгерім апайларының да қосқан үлесі өте көп. Математикалық олимпиадаларға қатыстырып, жүлделі орындарға ие болған. Олемпиадалық жарыстардан ауданнан қалалық деңгейге дейін өтті. 1-сыныптан 8-сыныпқа дейін озат оқушы болып, үздіксіз мақтау қағаздарын алып келеді. Математикадан жеткен жетістіктері өте көп, болашақтан күтетін үміті де зор. Бос уақытын текке өткізбей, салауатты өмір салтын ұстану мақсатында ол Грек-Рим күресіне қатысып жүр. Аудандық, облыстық сайыстарға қатысып жүлделі орындарды қанжығасына байлап, мектеп мерейін өсіріп, ұстаздарының мақтанышы болуда. Достарымен бірге футбол ойнап, тіпті кітапті да бірге оқып, шахмат, дойбы ойнауға да уақыт табатын Айдар болашақта экономист-бухгалтер болсам деп армандайды.
– Мен озат оқушымын. Ол үшін ұстаздарыма алғысымыз шексіз. Спортпен шұғылдануды, математикалық оймен жұмыс жасайтын ойындарды жақсы көремін. Бұл үшін арнайы әкешіме рахмет айтқым келеді. Себебі мені бала күнімнен осы ойын түрлеріне баулып, күні бүгінге дейін жанымнан табылып келеді. Ал осылардың барлығы анашым мен бауырларымның көмегімен келген жеңіс деп айтамын. Мен бақытты баламын. Өзімнің отбасымды шексіз жақсы көремін, – дейді ол.
Отбасым бақытым деп соққан бала жүрегінен қалай ғана айналмайсың! Талабың оң болсын Айдар!

Copyright © 2021 Everest. Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Сайт жобасын дайындаған «ToWeb.kz» компаниясы. Сайтқа тапсырыс беру.