
Атасы мен әжесінің сүйікті әрі сүйкімді немересі Айзере өте бауырмал, көпшіл, ақылына көркі сай қыз. Қай кезде болмасын күлімдеп жүретін ол жан-жағына жақсы көңіл-күй сыйлап жүреді. Бір бойында талай өнердің тұнып жатқанына таң қалмасқа болмайды. Бірде әнші, енді бірде биші, тіпті әртіс, кішкентай аспазшы, ақынжанды, бәрінен бұрын білімді озат оқушы!
Қала ажарын айшықтай түсуге, әсем ғимараттардың бой көтеруіне өзіндік үлес қосып жүрген құрыш қолды құрылысшы Сағидулланың отбасында дүниеге келген Сағитжан Айзере Сағидуллақызы 2014 жылы 16 сәуірде Қызылорда облысында дүниеге келген. Әкесінің еркесі, анасы Гүлжайнаның көмекшісі Айзере бір жасқа толған сәттен бастап атасы мен әжесінің қолында өсті. Әже тәрбиесінде болғандықтан

болар бауырмал, аңғарымпаз, жан-жақты болып өсіп келеді. 3 жасынан бастап Арал ауданы, Ақбай ауылындағы № 63 орта мектеп жанындағы шағын орталыққа қабылданып, тәрбиеші апайы Алтынгүл Тұрғанбаевадан тәлімді тәрбие алып, білім нәрімен сусындады. Білім шаңырағында ұйымдастырылған әртүрлі іс-шараларға қатысып, белсенді тәрбиеленуші бола білген Айзере ән айтып, мың бұрала билесе, алғаш рет әріп танып, сандарды санауды игеріп шықты. Алғыр да зерек, білуге, оқып, үйренуге құштар ол 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Ақтөбе облысындағы Ш.Құдайбердіұлы атындағы №66 жалпы білім беретін орта мектепке бірінші сыныпқа қабылданды. Сынып жетекшісі әрі алғашқы ұстазы Темірғалиева Әсем апайнан І тоқсанды оқыды. Осы уақыт ішінде 4 диплом, 1 сертификат алып үлгерді. Өзін жан-жақты танытып, кішкентай болса да қабілетті екенін дәлелдеді. ІІ тоқсанда Түркістан облысындағы Ж.Тәшенов атындағы №23 ІТ мектеп- лицейіне қабылданды. Ондағы сынып жетекшісі Іскендірова Насихат апай болды. Жаңа ортаға да үйренісіп, ондағы жетістіктері де жалғасын тапты. Атап айтқанда республикалық шығармашылық байқауында үздік нәтиже көрсетіп, ІІ-ІІІ дәрежелі дипломдардың иегері болды. Айзеренің жақсы көретін пәндері қатарында сауат ашу, математика, орыс тілі бар. Қазіргі таңда 1 «Е» сыныбының үздік оқушысы. Сыныбының белсендісі, қандай шаралар болмасын қалмай қатысып, ән орындап, би билейді, ақын өлеңдерін жатқа айтады. Мәнерлеп оқудың да шебері екенін көрсетіп келеді. Ол Абай шығармашылығын ерекше жақсы көреді. Енді әріп тани бастаған уақытта әжесінің, анасының көмегімен тілге жеңіл келетін ақын өлеңдерін жаттап алғаны бар. Өзгелерден ерекше қасиеті адам жатырқамайды. Бір көрген адаммен бұрыннан таныс адамдай тіл табысып кетеді. Бос уақытында әжесінің ертегісін тыңдап, анасына үй шаруасына да қолғабыс береді. Көбінесе анасына көмектескісі келіп тұрады, ас бөлмесінде бірлесіп ас дайындауға бейімі бар. «Балапан» арнасындағы көптеген бағдарламаларды қызыға көреді.
Айзеренің мінезі ашық, қашанда ойындағысын еркін жеткізеді. Өзінің қолындағы затын басқамен де бөлісе алатын, қолы ашық. Жасына қарамастан жақындарын айналып-толғанып жүретін кереметтей қамқорлығы, мейірімділігі бар. Сурет салуды жақсы көретін ол жақындарына тосын сый жасағанды қатты ұнатады. Қай кезде болмасын құлшынып тұрады, жалқауланып жатып алуға жаны қас. Ата-әжесінің айтқан ақылын түсініп тыңдай алатын, тіпті дұрыс сұрақ қоя алатын ойлы да. Мектептен келген бойда тамақтанып алып, үй жұмысына берілген тапсырмаларды өз бетінше тиянақты орындайды. Жазуы маржандай тізіліп, есебін дұрыс шығарып, оқитын пәндерін еш қиналмастан бір оқып шығып, түсінігін де айтып отырады. Барлық сабағына дайын болған сәтте ғана тексерту үшін анасынан көмек сұрайды. Айзере қазақ киноларын жақсы көреді және оның кейіпкерлерін де шебер сомдайды. Бойында актерлық шеберлігі басым деуге болады. Атасы мен әжесінің тәрбиесінде болғандықтан сөзге шешен. Себебі, еш іркілместен тез арада жауап таба біледі.
Айзеренің жеткен жетістіктерін атап айтатын болсақ, ол «Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты оқушылар арасында өткен Халықаралық шығармашылық байқауына қатысып «Көркем жазу» номинациясы бойынша үздік нәтиже көрсетіп, І дәрежелі дипломмен марапатталды. «Самғау» инновациялық білім беру орталығының ұйымдастыруымен өткен дарынды балаларға арналған республикалық «Абай жолы – Ұлы жол» шығармашылық байқауында да үздік нәтиже көрсетіп, жүлделі ІІІ орынды иеленді. «Абай – дара, Абай – дана» атты мектепішілік ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу сайысында ІІІ орынды иеленді. «Самғау» инновациялық білім беру орталығының ұйымдастыруымен дарынды балаларға арналған республикалық «Көркем жазу» шығармашылық байқауында үздік нәтиже көрсетіп, ІІ орынды иеленді. Қазақ тілі пәнінен ұйымдастырылған І республикалық пәндік олимпиаданың І маусымында ІІ дәрежелі дипломын алды. «ALTYN URPAQ» зияткерлік олимпиадасының ІІІ дәрежелі дипломын иеленді.
Білімге құштар сүйкімді қыздың болашақта ұстаз болып, білімді шәкірт тәрбиелесем деген арманы бар. Арманыңа жет Айзере!