Оқушылар

Серік Ернұр


Әрбір жанның туа біткен ерекше таланты болатыны рас. «Өнерлі өрге жүзеді» деген емес пе? Өнер таусылмас байлық, сарқылмас қазына. Ал оны бойына дарытып, сақтай білу үлкен әрі жауапкершілігі мол іс. Кез-келген өнер түрі арқылы халықтың мәдениетін арттырып, гүлденуіне үлес қосуға болады. Серік Ернұр жан-жақты, өнерлі әрі көп нәрсені үйренуге ұмтылып тұратын бала. Айтқанды ұғып ала қоятын алғыр өрен оқуда озат, барлық пәнді ерекше ықыласпен оқиды. Бастауыш сыныптардан бастап түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып келеді. Қазіргі уақытта ол қазақ тілін, алгебраны, ағылшын тілін тереңдетіп оқып жүр. Болашаққа деген арманы да асқақ!
Серік Ернұр 2007 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағай ауданында дүниеге келген. Қазіргі уақытта №24 орта мектептің оқушысы. Балабақшаға бармаса да ол кішкентайынан өте зерек болды. Есте сақтау қабілетінің мықтылығы сонша теледидардағы көрген, естігенін айна-қатесіз қайталап бере алады. Бір көргенін, оқығанын ұмытпай жылдам жаттап алады. Оның бастауыштағы сынып жетекшісі Медеуова Бақыт Сағатбекқызы осындай өнерлі, ізденімпаз, жан-жақты, елгезек әрі үлгілі тәртібі үшін мақтан ететін. Білікті ұстаз шәкірт бойындағы белсенділікті шыңдай отырып, көптеген білім бәсекесіне жолдама беріп, нәтижесінде шәкірті де еңбегін ақтап, жүлде алып, сыныптың ғана емес, бүкіл мектептің мақтанышы атанды. Бастауыш сыныптан кейін Азубаев Ринат Тілекұлы сабақ беріп, ол ұстазынан аса сабырлықты, төзімділікті, шымырлықты, мықтылықты, спортқа деген ұмтылысты үйренді. Ал қазіргі сынып жетекшісі Қарабаева Әлия апайы жаңадан қосылған пәндерді түсіндіруге тырысып, қандай да бір қиындықтардан шығуға көмектесіп, қолдау көрсетіп келеді. Салауатты өмір салтын ұстаумен қатар, қағаздан және ағаштан әртүрлі өнер бұйымдар жасаумен айналысады.
«Өнер ағып жатқан бұлақ, ғылым жанып тұрған шырақ» деп халқымыз тегін айтпаған болар. Сондықтан өнері бала бүгінде ең алдымен білімді жетілдіріп, өзін мәдениетті, білімді, өнерлі, адамгершілігі мол ете түсу үшін сабақтан бас алмайды. Қазірдің өзінде оның білім майданында алған марапаттары жетерлік. Серік Ернұр 2014 жылы 1 сыныпты өте жақсы оқығаны үшін мақтау қағазын алды. 2015 жылы жақсы оқығаны және үлгілі тәртібі үшін мадақтама грамотасын алды.
«Ақ бота» интеллектуалдық марафонында ІІ орынға ие болды. Қоршаған орта мен әсем табиғатты жақсы көретін ол «Адам және табиғат» халықаралық жаратылыстану ойыны жарысында ІІІ орынға ие болып, диплом иеленді. 2018 жылы Рухани жаңғыру аясында және ҚР Тәуелсіздігіне арналған «Балалар, шығармашылық, техника!» атты қалалық жас техниктер байқауында белсенділік танытқаны үшін сертификат алды. «Кенгуру-лингвист» байқауының қатысушысы болып сертификат, 2019 жылы «British bulldog» халықаралық ағылшын тілі байқауында ІІ орынды диплом, Халықаралық интеллектуалдық «Кенгуру-математика барлығы үшін» байқауына қатысқаны үшін сертификат, «Ізденіс жолы» қоғамдық қоры мен «Эрудит» интеллектуалды білім порталының ұйымдастыруымен өткен облыстық «Orda-junior-2017» атты дарынды оқшылардың үздік ғылыми жұмыстары байқауында ерекше қабілетімен көзге түскені үшін ІІІ орын диплом, 2019 жылы математикалық олимпиадасының мектепішілік кезеңінде ІІІ орын грамотамен марапатталды. 2019 жылы Өнердегі ерекше жетістігі үшін мадақтама, «Отбасы – бақыт мекені» апталығы аясында «Ата-анам және менің мектебім» атты сыныпішілік сайыстық тәрбие сағатында үздік білім мен өнер көрсеткені үшін ІІ орынды иеленген. Информатика пәнін жақсы меңгергені үшін ІІ орын алып, грамотамен марапатталды.
2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған 4 сыныптар арасында өткен «Көсегесі қазақтың ұрпағымен көгерер» атты іс шараға қатысып, Бас жүлдеге ие болып, мадақтама грамотасын алды. 2019 жылы үздік оқығаны үшін мақтау қағазын алды. білімді өреннің арманы мектеп бітіріп шыққан соң IT мамандығын игеріп, сол салаға жаңалық енгізу болса, өзінің бойындағы дарынын көрсетіп, қазақ мәдениетінің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып, кешегі Асанәлі Әшімов, бүгінгі Нұрлан Қоянбаев секілді елдің назарында жүріп, жақсы өнерін үлкен сахнаға паш ететін актер болғысы келеді.
– Қазақ киносында өзіндік орны бар актерлердің жеке өмірі мен олардың сомдаған рөлдеріне ылғи да қызығушылықпен қарайтыным бар. Голливудқа қызықпайтын адам жоқ, алайда мен алысқа қол созбаймын. Өз елімнің патриоты ретінде мен де қазақтың киноәлеміне енгім келеді. Ол үшін мен қазақ әдебиетін, қазақ тарихын жақсы білуім керек. Өз отанымның тарихын жақсы білсем, тілімді құрметтесем, арманыма жететініме сенемін. Ал арманыма жету арқылы ата-анам мен ұстаздарымның маған артқан үмітін ақтаймын,-дейді жас талап.
Көзінде оты бар, сөзінде өзіне деген сенімділігі бар жас өренге өнеріңмен өрге жүз демекпіз.

Copyright © 2021 Everest. Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Сайт жобасын дайындаған «ToWeb.kz» компаниясы. Сайтқа тапсырыс беру.