Оқушылар

Хайролла Сағыныш


Абуталина Аякүл Шүкірбайқызының сүйікті немере қызы Хайролла Сағыныш Қабылбекқызы 2008 жылы 7 тамызда Тараз қаласында дүниеге келген. Сағыныштың әкесі Қабылбек жеке кәсіпкер болса, ал, анасы Ибраева Қарлығаш Әбдібекқызы Тараз қаласының №30 «Назерке» бөбекжай-бақшасында есепші қызметін атқарады. Оның өзінен кейінгі інісі Орынбасар Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ-классикалық гимназиясының 2 сынып оқушысы. Оқуда озат, спортқа жаны құмар. Ал, сүйкімді сіңілісі Сезім №30 «Назерке» бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушісі. Өнерлі, ән мен биді жақсы көреді. Өзі де №30 «Назерке» бөбекжай-бақшасына барып, Сейтжапарова Айна Бахытқызы және Отарбаева Айгүл Халыққызындай өте білікті тәрбиешілерден тәлім алды. Айна Бахытқызы тек тәрбиеші ғана емес, сонымен қатар өте керемет әртістік қабілеті де бар жан. Балабақша ішіндегі барлық іс-шараларға қатысып тапсырылған міндеттері мен жүктелген кейіпкерлерді жоғары деңгейде алып шығатын. Сағыныш балабақшадағы кезінен-ақ өнерге өте бейім болды. Барлық іс-шараларда ән салып, би билеуде алдына жан салмады.
Білімге құштар, ақылды да зерек, апасының сүйікті немересі қазіргі таңда Тараз қаласындағы №49 Ыбырай Алтынсарин атындағы қазақ мектеп-гимназиясында 7 сыныпта білім алып жатыр. Жан-жақты, ізденімпаз, жаңалыққа жаны құмар қыз «Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы» орталығының сәндік-қолданбалы өнер студиясына барып жүр. «Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы» орталығының сәндік-қолданбалы өнер студиясына жасаған «Кот на охоте» картинасы 2019 жылы «Таланты Казахстана» халықаралық шығармашылық жобасы ұйымдастыруымен өткен халықаралық жанрлық фестиваль балалар, жасөспірімдер және ересектер шығармашылығы байқауында «Гран-При» жүлдесімен марапатталды.
Сағыныш өте байсалды, тәртіпті, бір айтқанды екі етпейтін қыз. Білімге, білу, үйренуге ынтық, алдына мақсат қоя білетін ол себепсіз сабақтан кешікпеуді және бір сабақты қалдырмауды алдына мақсат етіп қойған. Берілген тапсырмаларды дер кезінде орындайды. Сағыныштың жүрегі өте нәзік әрі көп нәрсеге мән бергіш. Сондықтан да болар ол апасының, ата-анасының, бауырларының туған күндерін ерекше атап өткенді жақсы көреді. Қолынан келгенше сыйлық жасауға, үнемі жақындарын қуантуға тырысып жүреді.
Сағыныштың сынып жетекшісі Құлматова Жібек Абдувахобқызы педагог-зерттеуші. Шәкірттерінің барлығына бірдей қарап, жақсы көрсеткіштерге жету жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаз. Ол 2019 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткен «Үздік ашық сабақ» тақырыбындағы облыстық қашықтық интернет-байқауының ағылшын тілі пәні бойынша I дәрежелі дипломымен марапатталды. 2019 жылы ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне арналған КИО.кз Республикалық қашықтық олимпиадасынан І орын иеленді. 2019 жылы ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне арналған НИО.кз Республикалық қашықтық олимпиадасынан облыс бойынша І орын иеленді. 2019 жылы «Үздік авторлық бағдарлама» атты Республикалық байқауына қатысқаны үшін I орын грамотасымен марапатталды. «ULY DALA USTAZY» халықаралық ғылыми-педогогикалық журналы ұйымдастырған «Үздік автор-2020» атты республикалық ғылыми-практикалық жобасының «Үздік сабақ жоспары» номинациясы бойынша I орын алғаны үшін диплом алды. 2020 жылы Республикалық Дәстүрлі Интернет Олимпиада порталы ұйымдастырған қашықтық олимпиадасында оқушылары 80%-дан жоғары нәтиже көрсетіп өскелең ұрпақтың білімін шыңдауына, интеллектуалдық ой-өрісін дамытуға ықпал еткені үшін Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл Сағыныш үшін де үлкен мақтаныш.
Сағыныштың арманы үлкен. Ол болашақта ағылшын тілін жетік меңгерсем дейді. Өзі қазақ тілінде, орыс тілінде жақсы сөйлейтіндіктен, алдағы мақсаты басқа да шет тілдерін оқып, білу.
– Мен мектепті үздікке аяқтап, АҚШ-та білім алуды алдыма мақсат етіп қойғанмын. Бүгінде №49 Ыбырай Алтынсарин атындағы қазақ мектеп-гимназиясында ағылшын тілінен тереңдетіліп оқытатын сыныпқа барғандықтан, жан-жақты ағылшын тілінен Республикалық Ұлттық Олимпиадасы ұйымдастырған түрлі тестілеуден өтіп, білімімді шыңдау үстіндемін. Басқа елдің тілін білу арқылы мен олардың тарихын да, салт-дәстүрі, мәдениетін де танып-білуге ұмтылып жүрмін. Апамның, ата-анамның, ұстаздарымның үмітін ақтап, жоғары оқу орынына түсіп, жақсы маман болсам деймін, - дейі Сағыныш.
Ақылына көркі сай, Сағыныштың арманы аласармай, биік шыңдарға жетіп, әрқашан да елінің мақтан тұтар қызы болуына тілектеспіз.

Copyright © 2021 Everest. Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Сайт жобасын дайындаған «ToWeb.kz» компаниясы. Сайтқа тапсырыс беру.