Оқушылар

Алибек Батырбек


Мектеп адамның өмірде қандай тұлға болатыныңды айқындайтын өткел. Мектеп қабырғасында жүріп қалыптасқан әдет-дағды бүкіл өмірге себепкер болатыны рас. Мысалы, күнделікті үнемі толтырып отыратын оқушы мұны міндет деп түсінеді, ал күнделік күнделікті орындалатын үй тапсырмасы жазылатын «құжат» екенін бірі білсе, бірі түсінбейді. Ал, оны дұрыс түсінген бала болашақ өмірде де сондай дағдымен жүреді, яғни ертеңгі күнгі жасайтын істерін қағаз бетіне түртіп отырады. Осы қасиетімен өзгелерге үлгі бола алады. Үлгілі болу үшін үй тапсырмасын дайындап, сабақта белсенді болып, байқау, шараларға қатысу аздық етеді. Ол үшін отбасы тәрбиесі, мектептің тәрбиесі қатар жүруі керек. Оқуда озат, білімге құштар Батырбек жайлы айтатын болсақ, ол өз жасына қарамастан, үлкендерше ой түйіп, барлығына байыппен қарайтын, ақылды оқушы. Қай кезде болмасын әкесінің жанында отырып, ақыл-кеңестерін тыңдайды.
Алибек Батырбек Айдынбекұлы Алматы қаласы, Жетісу ауданы, Кемел ықшам ауданында 2006 жылы 21 қыркүйекте дүние есігін ашқан. Әкесі Оралбеков Айдынбек Алибекович Батырбекті бала күнінен спортқа баулып, ер мінезді етіп тәрбиеледі. Анасы Сәрсенбина Назым Құдайбергенқызы баласының зерек те алғыр болуына, барлық пәннен үздікке шығуына атсалысып, білімді болуына көңіл бөлді. Батырбектің Айдана, Айзада атты екі әпкелері бар. Олардың да Батырбек дегенде жандары бөлек. Қашанда бауырмалдық қамқорлықтарын көрсетіп, демеп жүреді.
Батырбек үйінің сүт кенжесі болса да бала күнінен-ақ өте зерек, ақылды, бауырмал, ақ көңіл, адал бала болды. Ол 2012 жылы алты жасқа толық толмай №193 Ж.Б.Б.М-нің 1 сыныптың табалдырығын аттады. Оның алғашқы ұстазы, алғаш қалам ұстатып, алғаш әріп үйреткен ұстазы Карібжанова Анара Қожаниязқызына деген ықыласы ерекше. Бүгінгі күні Батырбек 9 «А» сыныбында үздік оқушылар қатарында, сынып белсендісі. Сынып жетекшісі Сарсенова Жібек Махканбайқызы қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі. Батырбектің мінезі сабырлы, салмақты, мектептегі сыныптан тыс іс-шараларға белсене араласады. Сабақтан тыс уақытта математика, ағылшын тілі, химия, биология пәндерін тереңдетіп оқиды. Шаруаға өте бейім. Бос уақытында спортпен оның ішінде дзюдо және тенниспен шұғылданады. Мектепаралық спорттық жарыстарға жиі қатысады.
– Мен үздік оқушы болумен қатар, салауатты өмір салтын ұстанамын. Бұл ата-анамның көрсеткен жолы. Барлық пәнді ерекше жақсы көремін. Білімді азамат болып қалыптасуымызға тер төге еңбек етіп жүрген ұстаздарыма алғысым шексіз. Болашақта мектепті үздікке бітіріп, өзім армандаған жоғары оқу орынына оқуға түсіп, тіс дәрігері болсам деген арманым бар. Адам жанын құтқару, науқас адамға қуаныш сыйлау қандай керемет! Адамның дені сау болуына тістің атқарар қызметі зор. Тісі сау адам тамақты дұрыстап шайнайды. Дұрыс шайналған тағам жақсы қорытылады. Тіс адамға көрік береді. Тісі маржандай тізілген адамдар сұлу көрінеді. Мен тіс дәрігері болсам, тістің бұзылуын, болдырмайтын дәрілер ойлап шығарсам деймін. Адамдарға тістеріңді бағалаңдар, бала кезден дұрыс күтім жасаңдар дер едім. Мықты маман болып өз еліме пайдам тисе, мен үшін одан артық бақыт болас еді, - дейді Батырбек.
Білімді Батырбектің жеткен жетістіктері де аз емес. Ол 2014 жылы «Ақ-бота» интелектуалдық марафонда I орын алды. 2016 жылы Бастауыш сынып оқушыларының Республикалық «Бастау» математикалық турнирінің I-ші қалалық кезеңдегі жетістіктері үшін II орын, 2017 жылы «Зерделі» интелектуалды білім порталының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының дарынды оқушылар арасындағы қашықтықтан өткізілген «9 мамыр Ұлы Жеңіс күні» атты байқауға белсене қатысып, шығармашылық дарынымен, білімділігімен көзге түскені үшін II орын, спортты жанымен сүйетін өрен 2017 жылы үстел теннисі бойынша жарыста I орын, сондай-ақ 2018 жылы Қазақ тілі пәні бойынша Республикалық қашықтық олимпиадасының қатысушысы ретінде аудан бойынша III орын, 2018 жылы әдебиет пәні бойынша Республикалық қашықтық олимпиадасының жеңімпазы атанып, III орын, 2018 жылы Республикалық қашықтықтан өткізілген олимпиадалар орталығы Ағылшын тілі пәні бойынша I орын, 2019 жылы Дарынды балалардың арасында ұйымдастырылған II Республикалық «Жас Дарын» байқауында өнерімен дараланып III орын алып, дипломдармен марапатталған.
Батырбек секілді білімді ұландар өздерінің алдарына нақты мақсат қоя білсе, білімдерін шыңдаса, еліміз болашақта дамыған мемлекеттер қатарына кіретіндігінде еш күмәніміз болмас еді. Оның болашақ Қазақстанның жарқын бейнесіне айналып, елінің нағыз патриоты болатынына сенім білдіре отырып, қанатың талмасын, қазақтың батыр ұлы Батырбек дегім келеді. Талабы таудай жас дарынға сәттілік тілейміз!

Copyright © 2021 Everest. Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Сайт жобасын дайындаған «ToWeb.kz» компаниясы. Сайтқа тапсырыс беру.